×

Ұлттық Олимпиада комитеті Головкиннің жалақысы жайлы мәліметке пікір білдірді

Бұған дейін даңқты боксшы ҰОК президенті ретінде 20-25 млн теңге жалақы алады деген ақпар тарап еді

 Қымбат Елтайқызы 14.07.2024 | 11:50
Фото: ҚР ҰОК

Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратқа қатысты Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми мәлімдемесі жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Әлеуметтік желіде Қазақстан ҰОК президентінің жалақысына қатысты мағлұмат тарады. Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті бұл деректің шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдейді», – деді ҰОК.

Геннадий Головкин президенттік қызметті ерікті негізде атқарады. Оның қызметіне ақша төленбейді. Оның мотивациясының қаражатқа да, саяси мансапқа да қатысы жоқ. Ең алдымен оның жұмысы қазақстандық спортқа қолдау көрсетуге, сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің халықаралық спорттық қоғамдастық алдындағы беделін нығайтуға бағытталған, – деп толықтырды ведомство.

Өз қызметіне кіріскен бойда Головкин ҰОК-тің мемлекеттік бюджет ақшасына үміттенбейтінін ашық айтқан. Ұйымның қызметі даңқты боксшының қатысуымен тартылған демеушілер қаражаты есебінен жүзеге асып жатыр.

«Жалған ақпарат таратушылар Қазақстан заңына сәйкес жауапқа тартылатынын, нақтыласақ, ҚР ҚК 274-бабына сай қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын естеріңізге саламыз», – деп түйіндеді комитет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама