Өтініш қабылдау науқаны бүгін басталды
10 мыңнан астам талапкер грант конкурсына қатысу үшін құжаттарын тапсырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бүгін еліміз бойынша білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау кампаниясы басталды. Ол 24 шілдеге дейін жалғасады, деп мәлімдеді Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Қазіргі таңда (сағ. 17.00) 10 мыңнан астам талапкер грант конкурсына қатысуға ниет білдіріп, өтініштерін жіберді. Ең көп өтініш «Педагогикалық ғылымдар» мен «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» бағыттарына берілді, – деп толықтырды ведомство.
Биыл құжаттарды қабылдау еGov арқылы онлайн форматта немесе ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта жүзеге асырылады. Құжаттарды кез келген ЖОО (орналасқан жері бойынша) арқылы тапсыруға болады.
Талапкерлер отандық ЖОО-ларға оқуға түсу үшін жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық пен кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом), сондай-ақ, жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар ұсынады.