Зардап шеккен барлық аумақ қамтылды
Батыс Қазақстанда су тасқынынан кейін дезинфекциялау жұмыстары толықтай жүргізілді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен Бәйтерек, Қаратөбе, Бөрлі, Теректі, Сырым аудандарында және Орал қаласындағы саяжайларда дезинфекция жұмыстары толық аяқталды, деп мәлімдеді БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Жалпы, су тасқыны болған 7 мыңға жуық нысанға, оның ішінде тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға, су құбырларына дезинфекция жүргізілді. Кейін су құбырларынан ауыз судың сапасы мен қауіпсіздігіне зертханалық бақылау жүргізілді. Нәтижелер нормативке сәйкес келді», – деп толықтырды ведомство.
Дезинфекция жұмыстарын жүргізуге төтенше жағдайлар мамандарымен қатар, Жамбыл және Ақтөбе облыстарынан келген әскери мамандар көмектесті.