Елордада интернет ұстамайтын орындардың қашан жөнделетіні айтылды
Бүгінде сондай 31 жер жөнделіп жатыр
Астанада интернет сапасы нашар деген орындарда жөндеу жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді. Қазір сондай 31 орында жұмыс атқарылып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, былтыр қаланың негізгі деген барлық көшесінде байланыс сапасы өлшенген. Нәтижесінде интернет сапасы нашар 67 орын анықталған. Соған байланысты тиісті жұмыстар атқарылып, 41 тұрғын үй кешенінде жөндеу жүргізілген.
Содан кейін қайта өлшенді. Тек қалада құрылыс қарқыны жоғары болғандықтан, жаңадан салынған үйлердің салдарынан жаңадан сапасы нашар орындар пайда болады. Сондықтан бұл жұмыс үнемі жүріп отырады. Бүгінгі таңда 31 орында жұмыс жүріп жатыр, – деді Телекоммуникация комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов.
Сонымен қатар, оның сөзінше, Мемлекеттік радиожиілік қызметі барлық республикалық және облыстық қалада интернет сапасын өлшеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның қорытындысы бойынша барлық қаладағы нашар ұстайтын орындар анықталады. Кейін де ондай орындар цифрлық картада ашық жарияланып тұрады. Бұл жұмыстың бәрі 18 қыркүйекке дейін бітеді.
Айта кетерлік жағдай, жүйелі жұмыстар ретінде «Байланыс туралы», «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдарға түзету енгізіліп жатыр. Енді заң талабы бойынша қалалардың бас жоспар құрғанда немесе егжей-тегжейлі жоспарында байланыс инфрақұрылымы соның ішінде болып, су, электр желілері секілді ертерек жоспарланады.