Қорадағы қойларын жайратып салған: БҚО-да аш иттер малға шаба бастады

Ербол Тұрымбет

Мал шығынын кім өтейтінін белгісіз

скриншот: видео

Батыс Қазақстан облысында иттер тағы да малға шапты. Бұл жолы оқиға Қызылтал ауылында болған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Аталған ауылдың тұрғыны Гүлфия Қазымованың айтуынша, оқиға бүгін таңда болған. Қорадағы қойлардың қырылып жатқанын әуелі егде жастағы әкесі байқапты. Сосын бұл жайлы аудандық полиция бөліміне және ветеринарларға хабар берген. Бірақ олар оқиға орнына әлі келмеген. Мал шығынын кім өтейтіні белгісіз.

Негізі иттердің қораға түсіп, малға шауып жатқаны бірінші рет емес. Себебі, осыдан бірнеше жыл бұрын тұрғындары түгел көшіп кеткен Березов ауылында иесіз иттер көп екен. Сол иттер ауыл маңындағы қоқыс төгетін орынға жиналады екен. Ауыл тұрғындары малға шапқан иттердің болашаққа адамға да шабуылдай ма деп қауіптенеді.

«Таңғы бесте әкем қораға барса, қойлар жайрап жатыр екен. Содан кімге хабарласарымызды білмей дал болдық. Қорамызда ешкісі мен қойын қосқанда - барлығы 27 бас. Соның үшеуі арам өлді. Сегізі пышаққа ілінді. Бірден сойып тастадық. Енді қазір басқа малдарды тексеріп жатырмыз. Әлі де пышаққа ілінетіндері бар. Жалпы 27 бастың 24-іне шығын келді. Бір қой мен екі ешкі ғана аман. Иттер малды аулада сүйреген. Біреуінің құйрығын жеп қойған, бірінің қарнын жарып кеткен. Бұл қасқыр емес. Себебі былтыр да ауылға қаңғыбас иттер түскен. Жылқыға шапқан кездері де болған. Бұл мәселе көптен бері айтылып жатыр. Бірақ жауаптылардың қандай шара қолданып жатқанын білмедім. Қаңғыбас иттер деген көп. Себебі бізге қоқыс полигоны жақын. Аш жүрген иттер ауылға келіп, малға шабады», - дейді Қызылтал ауылының тұрғыны Гүлфия Қазымова.