Атышулы «Айка» сотқа апелляциялық шағым түсірді
Процесс жабық түрде өтеді
Элиталық эскорт қыздар желісін ұйымдастырушы «Айка» сотқа апелляциялық шағым түсірді.
Іс жақын арада Алматы қалалық сотының апелляциялық инстанциясында қаралады. Процесс жабық түрде өтеді.
Еске сала кетсек, бұған дейін прокуратура келісімі бойынша блогер қызға қатысты Қылмыстық кодекстің 309-бабы («Жезөкшелікпен айналысуға притондар ұйымдастыру және жеңгетайлық») және 297-бабы («Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау») бойынша сотқа дейінгі іс қозғалған болатын.
Сот барысында секс-бизнесін ұйымдастырушыдан жылжымайтын мүлік құжаттары, ақ түсті ұнтақ зат қалдықтары бар қалта айнасы, есірткі заттарын тұтыну үшін оралған ақша, Lexus ES 250 және Toyota Camry 70 маркалы автомашиналар, сондай-ақ салмағы 1,72 грамм мефедрон тәркіленді.
Бұл ретте «Айка» ісі бойынша сот отырысының жабық есік жағдайында өткені мәлім. Сол кезде Алматыда қалталы азаматтарға эскорт қызметін ұсынып, жеке секс-кештер ұйымдастырды деген күдікпен ұсталған, атышулы «Айка тізімін» жасаған 25 жастағы блогер қыз 6,5 жылға бас бостандығынан айырылған еді.