Ол 2009 жылы туған қызының 2003 жылы туған жігіттен жүкті екенін білген
Ақмола облысының тұрғыны қызының жүктілігін жасырғаны үшін сотталды, деп хабарлады облыстық сот.
Ақмола облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғын 2023 жылғы сәуірде 2009 жылы туған қызының 2003 жылы туған жігіттен жүкті екенін білген. Алайда ол «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 70, 71-бабы талаптарын бұза отырып, 2023 жылғы сәуірдің ортасында Екібастұз қаласының дәріханасынан жасанды түсік жасауға арналған таблеткаларды сатып алып, кәмелетке толмаған адамның жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмысты жасыруға бағытталған әрекеттер жасаған. Ол бұл таблеткаларды кәмелеттік жасқа толмаған қызына берген, сондай-ақ құқық қорғау органдарына қызының жігітпен жыныстық қатынаста болғаны туралы хабарламаған.
Сот мәліметтеріне сәйкес, 2023 жылғы маусымда дәрі-дәрмек түсік тастауға көмектеспей, әйел қызын Астана қаласына әкеліп, жеке клиниканың гинеколог дәрігеріне жүгінген. Дәрігерлер бас тартып, бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарлаған.
Жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін және асырауында кәмелетке толмаған 2 баланың болуын ескере отырып, сот үкімімен әйелді Қылмыстық кодекстің 432-бабында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды, - делінген сот мәліметінде.
Облыстық сот мәліметінше, жекелеген міндеттерді жүктей отырып, тағайындалған жазаның бүкіл мерзіміне пробациялық бақылау орнатылған.
Сот актісі заңды күшіне енді.