Ертең жаңазеландиялық боксшы Андрей Михайловичке қарсы шығуы керек болған
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы ауруханадан шыққанын айтып, уайымдап жатқан жандарға алғысын білдірді.
Еске сала кетсек, ол салмақ қуу кезінде есінен танып, ауруханаға түсіп қалған еді. Сол себепті жаңазеландиялық боксшы Андрей Михайловичке қарсы 14 шілдеге жоспарланған жекпе-жегі өтпейтін болды.
Әр қиындықтың артында жеңілдік бар. Салмақ қуу барысындағы сынақты да бастан өткізіп жатырмыз, ағайын. Уайымдап жатқан жанашыр жанның бәріне көп рақмет! Аллаға шүкір, ауруханадан шықтық. Денсаулық бірінші орында! Ауырмаңыздар, жақындарыңыз ауырмасын. Біз жауынгерміз ғой, мұндай сынақтар бізді сындырмайды, шыңдайды. Бұйыртса, әлі талай әлемге қазақ стилін көрсетеміз! Қолдауларыңызға рақмет! - деп жазды Жәнібек Әлімханұлы Instagram-дағы парақшасына.
Бұған дейін оның командасы боксшының қазіргі жағдайы туралы айтқан еді.
Әлемнің түкпір-түкпірінен қаншама жанкүйер өнерімізді көрсек деп асыға күтті. Біз де рингте Qazaq style-ды көрсету үшін барымызды салып дайындалдық. Дегенмен көп спортшылар сияқты біз де салмақ жасау барысында қиындыққа тап болдық. Бірінші рет осындай жағдайды бастан өткердік. Оңай емес екен. Түнімен ауруханада болдық. Мұны да көру керек болған шығар, - делінген мәлімдемеде.
Жәнібек Әлімханұлының менеджері Эгис Климастың айтуынша, спортшы cалмақ қуу кезінде ағзаға судың жетіспеуі салдарынан есінен танып қалған. Кейін ол дереу медициналық орталыққа жеткізілген.