Өскеменде маскүнем ұлынан жапа шеккен әйел жертөледе түнеген
Таңға дейін ажал құшатын шығармын деп ойладым, - дейді зейнеткер
Өскеменде туған баласынан қорлық көрген әйел қоғам белсенділерінен көмек сұрады, деп жазады «НеМолчи» қоғамдық ұйымы.
62 жастағы әйелдің айтуынша, оны 40 жастағы ұлы соққыға жығып, күн көрсетпеген.
Мен зейнетке шыққанмын, әлі де жұмыс істеймін. Бір айдан кейін 40-қа толатын ұлым маған әлімжеттік көрсетеді, ішімдік ішеді. Таңға дейін не көзсіз, не тіссіз қаламын ба деп қорықтым. Мені қорғайтын ешкім жоқ. Күйеуім қайтыс болған. Балам үйге кіргізбейді, жертөледе түнеуге мәжбүрмін, - дейді әйел қоғамдық ұйымға жазған өтінішінде.
Зейнеткер баласының өрескел әрекетін айтып, полицияға да шағымданған.
Олар маған заң 3 сағаттан артық ұстамайтынын айтты. Мен полицияға ұлымның теледидарды шағып, шашылған киімдерімді балконның астынан қараңғыда жинағанымды айттым. Бірақ полиция сөзіме мән бермеді, ұлым түнгі 12:00-де келіп, мені мазақтап, тағы тиісті. Таңға дейін ажал құшатын шығармын деп ойладым. 10-ы күні үйден кетіп қалып, 11-інде қайта бардым. Барғаныма өкінемін. Ол мені саусағымен нұқып, түртпектеп, балағаттады. Мен тағы кетіп қалдым, ұлым үйге қайтып келмеуімді ескертті, - дейді туған баласынан жапа шеккен ана.
Полиция зейнеткерден дәл осындай шағым ақпан айында да түскенін айтады. Бірақ ол кезде анасы мен ұлы татуласқандықтан іс тоқтатылған.
Тексеру барысында полицейлер шілде айында зейнеткердің алкогольді ішімдіктерді теріс пайдаланатын ұлына шара қолдану туралы өтініш келіп түскенін анықтады. Бұл ретте отбасылық жанжалдар мен дене жарақатын келтіру фактілері туралы хабарланған жоқ. Қазір ер адам әкімшілік жауапқа тартылып, әкімшілік ұсталғандарға арналған мамандандырылған мекемеге орналастырылды, - дейді ведомство.
Полиция қызметкерлері қазір оны алкогольге тәуелділіктен емдеу үшін арнайы мекемеге орналастыруға құжат жинап жатыр.