«Жегісі келген шығар»: Ақтөбе тұрғыны үйдің кіреберісінде итті бауыздаған (ВИДЕО)
Оқиға орнына тез арада бардық. Бүкіл жер қан болды, - дейді ерікті
Ақтөбеде ер адам тұрғын үйдің кіреберісінде итті бауыздаған. Үй жануарына еріктілер көмектесті, деп хабарлады «Диапазон».
Еріктілер Людмила мен Салтанат итке көмектесуге барғанмен, полиция оны бір сағаттай бермеген.
Бізге Қарлығаш есімді қыз хабарласып, Рысқұлов көшесінде ит бауыздалғанын, оның тірі екенін айтты. Оқиға орнына тез арада бардық. Бүкіл жер қан болды. Ол жерде қөмек сұраған қыз, полиция қызметкерлері мен итті бауыздаған ер адам болды. Ол үйінің есігін ашпай жатыр екен. Біз итті алып кеткіміз келді. Алайда полиция тергеу жүріп жатқанда бере алмайтынын айтты. Бірақ ит көп қан жоғалтты, оған шұғыл көмек керек болды, – дейді ерікті.
Айтуынша, олар полицейлердің әрекетіне қатты ашуланған. Содан кейін итке көмектесу үшін ветеринарды шақырған.
Оқиға орнына ветеринар Бақтиярды шақырдық. Ол ауырсынуды басатын дәрі берді. Сол кезде Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері келді. Олар есікті ашқанда ер адамның қолында пышағы болды. Ол мас екен. Итті не үшін бауыздағанын білмейміз, мүмкін жегісі келген шығар, – дейді ерікті.
Итті бір сағатқа созылған ұрыс-керістен кейін алған соң ветеринарлар оның жарасын тігіп, көк тамырдан ине салған. Қазір өзі тамақ ішеді. Енді еріктілер оған үй іздеп жатыр.
Полицейлердің мәліметінше, аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 316-бабы («Жануарларға қатыгездiкпен қарау») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Күдікті полиция бөлімшесінде. Қылмыстық тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.