Ұлытау облысында жетім балаларды 6 жыл құлдықта ұстаған «қамқоршы» сотталды
Оларға берілетін жәрдемақыны да өзіне алып отырған
Ұлытау облысында 3 баланы құлдықта ұстаған қамқоршыға қатысты сот үкімі шықты.
Сот мәліметінше, 2018 жылы сотталушы С. бір отбасынан шыққан 14, 12 және 8 жастағы баланы қамқорлығына алып, психикалық зардап шектірген. Жезқазған қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан шаруа қожалығында 6 жыл бойы жұмыс істетіп, мал бағуға мәжбүрлеген. Сонымен қатар 3 балаға берілетін жәрдемақыны өзіне алып, балаларды асырап-бағу міндетін орындамаған.
Сотталушының кінәсі жартылай мойындауымен, жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сараптамалық қорытындылармен және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденді.
Жәбірленуші, кәмелет жасқа толмаған жәбірленушілердің заңды өкілі мен қорғаушысы сотталушыға баптың санкциясы шеңберінде жаза тағайындауды сұрады.
Жаза тағайындау кезінде сотталушының жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Сот С.-ны Қылмыстық Кодекстің 110-бабы 2-бөлігіндегі 1,2 тармақтарымен («Азаптау»), 142-бабымен («Қорғаншы немесе қамқоршы құқықтарын терiс пайдалану») бойынша кінәлі деп таныды. Оған Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігіне («Қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау») сәйкес, қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - делінген хабарламада.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.