Елге діни мазмұндағы кітаптарды заңсыз әкелген шетелдіктерге айыппұл салынды
Заңбұзушылықты желілік полицейлер анықтаған
Тәжікстан азаматтарына діни мазмұндағы кітаптарды заңсыз әкелгені үшін 369 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Тәжікстан Республикасының 53 және 68 жастағы азаматтары Түркістан қаласының әуежайына Әбу-Даби-Түркістан бағытындағы әуе рейсімен ұшып келген. Тексеру барысында шетелдіктердің әрқайсысынан 6 данадан діни мазмұндағы кітап табылып, тәркіленді.
Түркістан қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері құқықбұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырып, материалды сотқа жолдады. Сот қаулысымен шетелдіктер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 184 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Дәл осыған ұқсас құқықбұзушылықты Атырау қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері де анықтады. Бұл жолы Стамбұл-Атырау бағытындағы әуе рейсінің 45 жастағы жолаушысына да сот қаулысымен 50 АЕК айыппұл салынды. Ер адам 39 діни кітапты заңсыз әкелген.