Кінәлілер жауапқа тартылды
Таразда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығы жүйелі түрде бұзылып отырған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қала прокуратурасының мәліметінше, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласындағы органдар мүгедектігі бар 240 адамды санаторий-курорттық емдеумен және протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етпеген.
Сондай-ақ, биыл жұмыссыздық бойынша есепте мүгедектігі бар 86 адам тұрғандығына қарамастан, тек 15 жұмыс орнына квота белгіленген.
Сонымен қатар салық органдары мүмкіндігі шектеулі салық төлемдерінен босатылған 175 азаматтан жалпы көлемі 889 мың теңге болатын мүліктік салық негізсіз ұстаған.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың инфрақұрылым және көлік объектілеріне қол жеткізуіне байланысты бірқатар басқа да кемшіліктер анықталған.
Қазір прокурорлық қадағалау актісі бойынша мүмкіндігі шектеулі тұлғалар санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз етілді, арнайы құралдарды жеткізетін мердігерлерді анықтау бойынша конкурс ұйымдастырылып, сондай-ақ заңсыз ұсталған төлемдер қайтарылып жатыр, – делінген прокуратура хабарламасында.
Барлық анықталған құқықбұзушылықтар бойынша кінәлі лауазымды азаматтар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.