ҰҚК құрылғанына – 32 жыл: комитет тарихы мен қызметін көрсететін музейден фоторепортаж
1992 жылдың 13 шілдесінде президент жарлығымен Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті қайта құрылды
13 шілде – Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері күні. Соған орай Halyq Uni тілшісі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұражайына барып, тарихымен танысып қайтты. Мұражайда түрлі оқиғалар негізінде қойылған экспонаттарды көруге болады.
Нысанның тарихына келсек, 1992 жылдың 13 шілдесінде президент жарлығымен Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті қайта құрылды.
Астанадағы комитет ғимараты 2008 жылы салынған, музей де сол кезде ашылған. Ол жерде комитеттің 32 жыл ішіндегі тарихы мен атқарған қызметі көрсететін экспонаттар қойылған.
Музейдің кіре берісіне Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлттық қауіпсіздік комитетін құру туралы жарлығының көшірмесі қойылған.
(Ұлттық қауіпсіздік комитетін құру туралы жарлық көшірмесі)
Ал жанында ҰҚК қызметінің негізін қалаушы принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар мен құқықтық актілер ілінген.
Музейде Қазақстанның мемлекеттік туы мен ҰҚК қызметінің жеке әнұраны, төлтаңбасы да қойылған. ҰҚК әнұранының авторлары: Серік Дәулетов, Тоқтарбек Хамзин.
(ҰҚК қызметінің жеке әнұраны, төлтаңбасы)
Музейге келген қонақтар тілек немесе әсерін жазып қалдыра алады.
Соның бірі – 2020 жылы маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазған тілек.
(Қасым-Жомарт Тоқаев жазған тілек)
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті – қауіпсіздігімізді сақтап, мемлекет мүддесін қорғайтын басты орган. Егемен еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – абыройлы әрі мәртебелі міндет. Комитет қызметкерлері әрдайым Отан алдындағы сертіне берік, қызметіне адал болады деп сенемін!, - деп жазған президент.
(Шетелдік тыңшылардан тәркіленген заттар мен айғақтар)
Музей директоры Талғат Қалитовтың айтуынша, музейге курсанттар, қызметкерлердің отбасы кіре алады. Сондай-ақ арнайы қонақтар да келіп тұрады.
(Шетелдік ұйымдар мен мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты көрсететін естеліктер)
Мұражайға біздің курсанттар, қызметкерлердің отбасы, балалары кіріп көре алады. Сондай-ақ арнайы делегацияларды қабылдаймыз. Олар Қазақстаннан немесе шет елден де келуі мүмкін. Біз шет мемлекеттермен ынтымақтық байланыста болғандықтан, сол елдерден келетін басшылар мен орынбасарлардан құралған делегацияларға мұражайды көрсетіп, тарихын баяндап береміз, - дейді музей директоры.
(Елімізді террористік, діни экстремистік ұйымдардың әрекетінен қорғау мақсатында тәркіленген құжаттар)
(ҰҚК контрабандамен кұресу мақсатында, шекарада құрықтаған заттар. Күдіктілер суреттегі кілемшенің арасына есірткі салып, шекарадан өтпек болған)
Айтуынша, комитет музейінде ашық есік күні өтіп тұрады.
Университет студенттері, түрлі оқу орындарының жастары келіп, музейдің ішін тамашалай алады. Кез келген адам бұл музейге кіре алмайды. Алдын ала жазылып, тіркелуі керек. Бұл жабық ғимарат болғандықтан, өзінің ішкі талаптары мен ережелері бар. Яғни, біз жабық та емеспіз, ашық та емеспіз, - дейді Талғат Қалитов.
(ҰҚК қызметкерлерінің арнайы операцияда киетін формасы)
(Мұражайда ҰҚК қолданатын қарулар қойылған)
(ҰҚК тарихы мен ақпараты берілген электронды кітап. Суретте Қазақ өлкесіндегі алғашқы ҰҚК басшылары мен қызметкерлері берілген)