Алматыда жергілікті маңызы бар нысанға қатысты сот актісі шықты
Құжат заңды күшіне енген жоқ
Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйі қала үшін мәдени маңызы бар субұрқақты жаңғыртуға міндетті. Мұндай шешімді Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Айта кетсек, «Қазақстан» қонақүйінің жанындағы субұрқақта құрылыс-монтаж жұмыстары рұқсатсыз жүргізілген.
Нысанда жұмыс тоқтатылып, «Crown Star» ЖШС меншік иесіне жоспардан тыс тексеріс жүргізілді.
Компанияның субұрқақты жобалау-сметалық құжат және сараптама қорытынды жоғына қарамай жұмыс істегені анықталды. Сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау болмаған. Ал субұрқақтың орнына бассейн құрылысы басталған.
Сот осы жағдайларды ескеріп, Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасының қонақүйден нұсқаманы мәжбүрлі түрде орындау туралы талабын қанағаттандырды және тапсырыс берушіні басқарманың бұйрығын орындауға мәжбүрледі.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, «Қазақстан» қонақүйінің ғимараты Алматы қаласы әкімдігінің 2021 жылдың 17 наурызындағы қаулысына сәйкес, Алматының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
Осыған байланысты, нысан аумағында қандай да бір құрылыс немесе жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін меншік иесіне тиісті ғылыми-жобалау құжаттамасын дайындау және ғылыми-реставрациялау жұмыстар жүргізу қажет екенін негіздеуі қажет.