Конституциялық сот қылмыстық кодекстің 72-бабының бір тармағын Ата заңға сәйкес емес деп таныды
Өмір бойына сотталғандардың шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш беру құқығын шектеу Конституцияға сәйкес келмейді. Сондықтан Конституциялық сот Үкіметке заңның осы тармағына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Конституциялық Сот Қылмыстық кодекстің 72-бабы 8-бөлігінің 1-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады. Бұл бапта жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату талаптары көрсетілген. Осы заңның негізінде өтініш иесінің өлім жазасынан өмір бойы бас бостандығынан айыруға ауыстырылған.
Конституциялық Соттың мәлімдеуінше, қазір осы санаттағы адамдар шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш бере алмайды.
Конституцияның 15-бабында өлім жазасын қолдануға тыйым салынады. Ал қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамаларынан бұл нормалар алынып тасталған. Яғни, мұндай сотталғандар үшін Қылмыстық кодексте бұл шектеудің сақталуы Конституцияға сәйкес келмейді.
Соттың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені қарауы өмір бойына бас бостандығынан айырылған адамның түбегейлі бостандыққа шығатынын білдірмейді.
Сот тек сотталған адамның түзелгенін танығанда және қылмыстық жазалаудың басқа да мақсаттарына қол жеткізген жағдайда ғана, сондай-ақ, ҚК-нің 72-бабы 7-бөлігінің 1, 2 және 3-тармақтарында көзделген заңда тікелей белгіленген шарттардың орындалу нәтижелері ескеріліп қолданылады, - делінген Конституциялық сот таратқан ақпаратта.
Соған байланысты Конституциялық сот Қылмыстық кодекстің 72-бабы 8-бөлігі 1-тармағын Конституцияға сәйкес емес деп таныды.
Соның негізінде Үкіметке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Мәжіліске енгізуді ұсынды.