«Халықтан қысылып жүрмін»: Қайрат Түнтеков күтпеген мәлімдеме жасады

Халық үні

Тауды қопарамын, сахнаны өртеймін деп айта алмаймын, - деді ол

фото: әлеуметтік желіден

Қайрат Түнтеков шығармашылығына қатысты күтпеген мәлімдеме жасады. Ол Qazaq AIRAN жобасына берген сұқбатында өнерге түбегейлі қайта кіріскенін айтты.

Халықтан қатты қысылып жүрмін. Қаншама рет айттым, сұқбат та бердім. Міне, камбэк жасаймын, міне енді шығамын деймін де, қайтадан жоқ болып кетемін. Негізі лирикаға жақынмын. Бір әнді ұзақ жазамын, «мінсіз» етіп шығармасам болмайды. Көрерменнен әбден ұят болды. Халық қатты күтіп қалды. Енді жаңалығым – енді қолға алдым. Жоспарыңды айтпа дейді ғой. Оны айтсаң, болмай қалса, ұят болады. Мүмкін кішкене жастау болған шығармын. Енді дайын болдым деп ойлаймын. Әндер жазылып жатыр. Тауды қопарамын, сахнаны өртеймін деп айта алмаймын, - деді Қайрат Түнтеков.

Қайрат Түнтеков бүгінде нәпақасын тойдан тауып отыр. Әнші өз гонорарын айта қоймады. Дегенмен ол қарапайым халықтан көп ақша сұрамайтынын, елдің өтінішін де орындай салатынын жасырмады. Сондай-ақ эстрада жұлдызы Алматыға келгісі келмейтінін жеткізді.

Туған жерім жаныма жақындау шығар. Сондықтан кетіп қалдым. Алыстап кеткен жоқпын, жұмыстармен келіп-кетіп тұрамын. Ол жаққа (Алматыға-ред. ескертпесі) көшіп бару ойда жоқ. Біздің кезде сынға ешкім ұшырамайтын. Қазір сынды қолдан жасайтын болған. Атын шығару үшін, атын ұстап тұру үшін хайп жасайды, - деді әнші.

Осы ретте әнші жолын бөгеген жандар туралы да айта кетті.

Бірен-сараны бар шығар. Мен ондай адамдарға ренжімеймін. Кешірімді бол дейді ғой. Ертең жарқ етіп шықсам, ол адам алдыма келуі мүмкін. «Жауыңды қасыңда ұста» деген сөз бар, - деп түйіндеді ол.