Бұл клубта қариялар түрлі шараға қатыса алады
Астана қаласы Байқоңыр ауданының БҰӨСО-да әжелерге арналған «Әжелер тобы» атты жаңа клуб ашылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бұл клуб зейнеткерлерге ерекше мүмкіндіктер береді. Атап айтқанда, мұнда әжелеріміз әртүрлі іс-шараларға қатысып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісе алады, деп мәлімдеді елорда әкімдігі.
«Әжелер тобы» клубының ашылуына қолөнер үйірмесінің жетекшісі Балым Өмірзақова мұрындық болды. Орталықта қолөнер үйірмесі 2 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Бүгінде Балым Сапарханқызынан 300-ден аса ақ жаулықты әже дәріс алған.
Бүгін үйірмеге жиналғандарға арнап «Орамал тон болмайды, жол болады» атты шеберлік сағаты өтті. Клубтың жаңа мүшелері орамал тігудің сыр-қырын үйренді. Бес саусағынан өнер тамған әжелеріміз музыкалық өнерлерін де ортаға салды, – деп толықтырды ведомство.
Әжелеріміз алдағы уақытта клуб жұмысын дамытуды жоспарлап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру үшін жастармен қарым-қатынас жасауға әрі тәжірибе алмасуға жағдай жасайтынын айтты.
Байқоңыр ауданының БҰӨСО қала зейнеткерлеріне тегін қызмет көрсетеді. Зейнет жасындағы адамдардың қызығушылығына қарай клубтар, йога, психолог тренингтері, қолөнер үйірмелері, қазақ және ағылшын тілі сабақтары, үстел ойындары мен мәдени-ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады.