Пара спорт түрлерінен лицензия саны 21-ге жетті
Қазақстандықтар Паралимпиадаға тағы бір жолдама ұтып алды. Бұл туралы туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Қазақстандық пара спортшы Севда Алиева Париж-2024 Паралимпиада ойындарының пара оқ атудан лицензия алды. Севда Алиева 10 метрлік P2 пневматикалық тапаншамен ату дисциплинасында өнер көрсетеді. Пара оқ атудан бұл Қазақстанның екінші лицензиясы.
Бұдан бұрын осы спорт түрінен алғашқы лицензияны Еркін Ғаббасов әлем кубогында пневматикалық мылтықпен R1 дисциплинасында жеңіп алған.
Қазір Қазақстанның Паралимпиада ойындарында спорттың 8 түрінен 21 лицензия бар.
Оның ішінде пара пауэрлифтинг – 5, пара жеңіл атлетика – 3, пара жүзу – 4, волейболды отырып ойнау – 1, пара үстел теннисі – 1, пара таеквондо – 3, пара каноэ – 2 және пара оқ атудан 2 лицензия бар.
Париж Паралимпиада ойындары 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді.