Алматы қаласында бейбіт митинг өтетін орындар өзгеруі мүмкін
Құжат 24 шілдеге дейін қоғамдық талқылауға шығарылды
Алматыда бейбіт митинг өткізу орындары өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған құжат жобасында көрсетілген.
Құжатқа сәйкес, бейбіт жиын өткізу үшін мамандандырылған «Шоқан Уәлиханов» атындағы скверді Амангелді Иманов атындағы скверге (сыйымдылығы 500 адамға дейін) ауыстыру жоспарланып отыр.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, Шоқан Уәлиханов атындағы саябақта санкцияланған митинг өткізу кезінде Достық даңғылынан Шевченко көшесі бойындағы көлік қозғалысы Қонаев көшесіне дейін тоқтатылады. Соның салдарынан көлік жүргізушілері Достық даңғылымен Абай даңғылына дейінгі көшені оңтүстік жағынан айналып өтуге мәжбүр. Сондай-ақ Бөгенбай батыр көшесіне дейін жүктеме артады. Бұл кептелістің артуына әкеледі.
Ал Амангелді Иманов атындағы сквер Алмалы ауданында Абылай хан даңғылында орналасқан. Ол жерде жиын өткізу кезінде көшелерді жабу қажет емес және тұрғын үйлерден алыс орналасқан.
Санкцияланған шерулер өткізетін орындарды да ауыстыру жоспарланып отыр. Оны Махатма Ганди атындағы саябақтан Гагарин даңғылы мен Мұқанов көшесі арасындағы Жамбыл көшесінің бойындағы жаңа маршрутқа ауыстыру көзделген.
Сондай-ақ «Сары-Арқа» кинотеатрының артындағы сквердің толымдылығын 500-ден 1000 адамға дейін өзгерту ұсынылған.
Құжат 24 шілдеге дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.