Halyq Uni логотип
×

Отандық фильм әлемдегі беделді кинофестивальде бақ сынайды

Кинотуынды байқау бағдарламасына енді

 Қымбат Елтайқызы 11.07.2024 | 14:15
Отандық фильм әлемдегі беделді кинофестивальде бақ сынайды
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Joqtau фильмі әлемдегі беделді кинофестивальдердің бірі Locarno Film Festival байқау бағдарламасына енді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қазақстандық режиссер Аруан Анартайдың Joqtau дебюттік фильмі Locarno Film Festival халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына еніп отыр, деп мәлімдеді Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Швейцария кинофестивалі – ең беделді фестивальдердің бірі әрі әлемдік киноиндустриядағы ықпалы зор бестіктің қатарында тұр. Локарнодағы 77-ші кинофестиваль 2024 жылғы 7-17 тамыз аралығында өтеді. Байқауға түскен әр фильм бес ретке дейін фестивальдің 10 алаңында көрсетіледі, – деп толықтырды ведомство.

Роуд-муви жанрындағы фильмде қазақ даласы мен оның түкпіріне сапарға шыққандар туралы баяндалады. Кейіпкерлер түрлі оқиғаларды бастан кешіріп, олардың ұстанымдары әрі сенімі сыналады.

«Фильмдегі басты рөлдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Исбек Әбілмәжінов, көрерменге «Қаш», «Патриоттар уақыты», «Сақтаушы» картиналары арқылы танылған, атышулы «Дәстүр» фильмінде ойнаған Ермек Шынболатов, сондай-ақ Joqtau фильмі – мансабындағы алғашқы жоба болған актриса Ирина Балкова сомдайды», – делінген ақпаратта. 

Joqtau фильмі үшін композитор Санжар Бәйтереков қазақтың ұлттық аспабы қобызбен инструменталды музыка жазған. Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама