Тыйым салынған өсімдіктерді 61 жастағы ер адам өсіріпті
Полиция қызметкерлері «Қарасора – 2024» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Жамбыл ауданында есірткі өсімдігін заңсыз өсіру дерегін анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қарасора, көкнәр сорттарын өсірді деген күдікпен 61 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Оның үйіндегі бақшадан жалпы салмағы 1520 түп көкнәр өсімдігі, 37 каннабис бұтасы анықталды. Барлығы 100 келіден асатын есірткі тәркіленді, оның ішінде көкнәр – 54 келі, марихуана – 53 келі, деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
«Құрықталған адам өз кінәсін толығымен мойындады. Ол Жамбыл АПБ уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. «Қарасора – 2024» іс-шарасы аясында есірткіні заңсыз өсіруді, транзиттеуді, алқаптарды және есірткі зертханасын жоюды, ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтауды әрі жолын кесуді көздейтін іс-шаралар одан әрі жалғасады», – деді ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.