Halyq Uni логотип
×

Алматыда нөсер жаңбыр кезінде жерасты автомобиль туннелін су басты

Қазір сорғылар штаттық режимде жұмыс істеп тұр

 Халық үні 11.07.2024 | 09:10
Алматыда нөсер жаңбыр кезінде жерасты автомобиль туннелін су басты
Фото: Halyq Uni

Алматыдағы Каменск үстіртінде жарты сағаттың ішінде жауын-шашынның қалыптан тыс мөлшері жауып, «Есентай молл» сауда орталығындағы жерасты автомобиль туннелі су астында қалды.

Жауын-шашын көлемі орташа айлық нормадан едәуір асты. Сағат 18:30-дан бастап әл-Фараби даңғылындағы жаңбыр суы арық желісіне сыймай, даңғылдың жол бөлігіне қарай арнасынан шықты. Сағат 19:00-ден бастап нөсер жауынның суы әл-Фараби даңғылының жол бөлігіндегі көлік айрығының Шығыс және Батыс бұрылыстарына, сондай-ақ «Есентай» СОО қарсы жерасты жаяу жүргіншілер өткеліне жайылды, – деп хабарлады қала әкімдігі.

Алматы қаласы полиция басқармасы қызметкерлерінің күшімен көлік құралдарының қозғалысы бұрылыс аймағында шектетілді.

Нөсерлі жауыннан көлік айрығының сорғы станциясының автомат құрылғылары істен шықты.

Айта кетейік, сорғы станциясы «Есентай» сауда ойын-сауық орталығының балансында және ол қолмен қосылған.

Қазір сорғылар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Туннельдерден су сору жұмысы қалыпты жағдайда жүргізіліп жатыр. Жұмыстарға қаланың коммуналдық қызметтері мен Құтқару қызметінің арнайы су сорғыш техникасы мен мотопомпалары қосылған.

Жаңбыр жауа бастаған сәттен су тасқынының алдын алу және оны жою үшін 42 жедел мобильді бригаданың кезекшілігі ұйымдастырылды. Аудан әкімдіктерінде жұмыс өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.

«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша ертең түстен кейін температура +29...+31 дейін көтеріледі және қысқа әлсін әлсін жаңбыр жауы ықтимал.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама