Олар 80 электронды темекіге тапсырыс берген
Екібастұзда курьерді тонаған студенттердің бас бостандығы шектелді. Қылмыскерлердің бірі колледжде, екіншісі университетте оқиды. Олар ойын клубтарында бірге уақыт өткізген, деп хабарлады pavlodarnews.kz.
Ойын приставкаларында болған кездесулердің бірінде колледждің 4-курс студенті қарызын қайтару үшін шұғыл ақша қажет екенін айтқан. Екі дос WhatsApp арқылы электронды темекіге қолма-қол ақшаға тапсырыс беріп, курьер тауарды жеткізген кезде 22 жастағы студент оған бұрыш спрейін қолдануды жоспарлаған. Ал екіншісі тауарды алып, қылмыс орнынан қашып кетпек болған.
Осылайша, институттың 2-курс студенті курьер арқылы 80 электронды темекіге тапсырыс береді. Төлем қолма-қол көрсетілген. Ол сағат 20:30-да скутермен келген курьерге бұрыш спрейін шашқан. Жас жігіт құлаған уақытта шабуылдаушылар 8 қорап темекіні алып, қашып кеткен. Жалпы алғанда, залал 400 мың теңгеге тең.
Студенттер түнді ойын клубында өткізген. Ал келесі күні таңғы сағат 10-да құқық қорғау органдары айыпталушыларды Екібастұз полиция басқармасына жеткізді.
Сотта айыпталушылар жәбірленушіден кешірім сұрап, өздерін бас бостандығынан айырмауды өтінген. Ұрланған тауар қайтарылды. Ал электронды темекі дүкенінің иесі оларға шағымданбаған.
Сот студенттерге 3 жылға бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындады.