Атырауда Түркия азаматына айыппұл салынды
Ол өз кінәсін мойындап, әрекетіне өкінетінін айтты
Атырауда Түркия азаматына айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мақат аудандық сотында ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша Түркия елінің азаматына қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды.
Сотта анықталғандай, айыпталушы 2024 жылдың мамырында «Атырау-Ақтөбе» тас жолында «Mercedes-Benz» маркалы автокөлігін басқарып келе жатып, арақашықтықты сақтамастан бір бағытта алдыңғы қатарда қозғалып бара жатырған жәбірленушінің басқаруындағы «Toyota Camry» маркалы автокөлігіне соқтығысқан. Серпін салдарынан тағы бір Toyota Camry көлігіне соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі автокөлікке де залал келтірілген.
Сот отырысында Түркия азаматы өз кінәсін мойындап, әрекетіне өкінетінін айтты.
Сот қаулысымен Түркия азаматы әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 73 840 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, – делінген сот хабарламасында.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.