Halyq Uni логотип
×

Ақмола облысында зиратқа кеткен тұрғындар жоғалып кетті

Олардың арасында қария да бар

 Қымбат Елтайқызы 10.07.2024 | 17:24
Ақмола облысында зиратқа кеткен тұрғындар жоғалып кетті
фото: Halyq Uni

Далада адасып кеткен ауыл тұрғындарын жергілікті тәртіп сақшылары іздеп тапты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Степногорск қаласының полиция басқармасына жақын маңдағы ауыл тұрғыны 6 шілдеде таңғы сағат 10.30 шамасында туыстарының жоғалып кеткенін жеткізді. 5 адамнан тұратын топ Аudi автокөлігімен Қараоқты ауылына қарай зиратқа кетіп, бір тәулік бойы байланысқа шықпаған.

Степногорск қаласы ПБ Бестөбе кенті полиция бөлімінің қызметкерлері дереу іздестіру іс-шараларын ұйымдастырды.

Бізді қатты алаңдатқаны – бұл топта зейнеткер болды. Ол жасына байланысты мұндай сапарды көтере алмауы мүмкін еді, – деп бөлісті Бестөбе кенті полиция бөлімінің бастығы Нұрбек Сұлтанғазиев.

Сақшылар Степногорск қаласынан 30 шақырым жерде жоғалып кеткен жүргізушіні тапты. Жаңбырдан кейін оның көлігі батпаққа кептеліп, істен шыққан, өзі әлсіреген. Жүргізуші қалаға жаяу бармақ болған, бірақ адасып кеткен. Далада бір тәулікке жуық уақыт өткізіп шаршаған ауыл тұрғыны бірден шамамен 2 литр су ішкен.

Айта кету керек, далада арнайы құралдарсыз біреуді табу өте қиын. Бірақ жайлаудың бірінде тәртіп сақшылары көлікті қай жерде көргендерін көрсеткен шопандарды кездестіріп, әрі қарай іздеуді жалғастырды.

Осылайша, іздеу тобы далада 10 сағаттан астам уақыт өткізді. Нәтижесінде ауыл тұрғындары Изобильное ауылынан шамамен 30 шақырым жерден табылды. Жоғалғандарды полицейлер тамақтандырып, қажетті көмек көрсетті. Олардың барлығы дін аман және ешқандай жарақат алмаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама