Halyq Uni логотип
×

Қарағанды облысында 130 мың гектар жер мемлекетке қайтарылмақ

Осыншама жерді биыл қайтару жоспарланып отыр

 Қымбат Елтайқызы 10.07.2024 | 15:45
Қарағанды облысында 130 мың гектар жер мемлекетке қайтарылмақ
фото: Теміржанов\Facebook

Қарағанды облысында анықталған заңбұзушылықтар салдарынан мемлекетке 586 мың теңге кіріс өндірілді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті 2024 жылы Қарағанды облысы бойынша ауданы 130 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды жоспарлап отыр, деп мәлімдеді АШМ Жер комитетінің төрағасы – ҚР Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов.

Жыл басынан бері Қарағанды облысының Жер ресурстарын басқару департаменті пайдаланылмай жатқан 41 мың гектардан астам ауыл шаруашылық жерлерін мемлекетке қайтарды. Оның ішінде егістік - 3,0 мың гектар, жайылым - 38,0 мың гектар, – деп жазды Теміржанов әлеуметтік желідегі парағында.

Бүгінде облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында департаменттің 19,1 мың гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылық жерлерін мәжбүрлеп қайтару жөніндегі талаптары қаралып жатыр. Аталған жер пайдаланушыларға департамент тарапынан жер учаскелерін игеру қажеттігі және жер заңдылығының бұзылуын жою туралы орындалуы міндетті нұсқама берілді.

Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, жалпы сомасы 586 мың теңге айыппұл салынып, салық көлемдерін 20 есе ұлғайту жөнінде мемлекеттік кіріс департаментіне ақпарат ұсынылып, шара қабылданған болатын.

Қазіргі уақытта 31 жер пайдаланушы департаменттің бақылауында тұр. Егер көрсетілген мерзімге дейін олар жерін игермесе, мәжбүрлеп қайтару жөніндегі жұмыстар жүргізілуі ықтимал. Оларға 60,1 мың гектар жерді игеру жөнінде нұсқама берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама