Биыл балабақшаларда 28 мыңға жуық жаңа орын ашылды
Елімізде 11,5 мың мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар
Жыл басынан бері мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 28 мың жаңа орын ашылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамтуды арттыру мақсатында 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың және жаңа орындарды ашудың қадамдық жоспары әзірленіп, бекітілген.
Осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша балабақшаларда жаңадан 28 мыңға жуық орын ашылды. Осылайша, балаларды сапалы түрде мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту 91,5%-ға өсті.
Жаңа орындарды ашу – жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі ұйымдарды салу, реконструкциялау және кеңейту, жалпы білім беретін мектептер жанындағы шағын орталықтар желісін кеңейту, мемлекеттік білім беру тапсырысын жеке балабақшаларға орналастыру есебінен жоспарланып отыр. Бүгінде ол бойынша Павлодар облысы жоғары көреткішке қол жеткізді, – деді мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.
Айта кетсек, елімізде жалпы саны 11,5 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп жатыр. Онда барлығы 1 миллионнан астам бүлдіршін тәрбиеленеді. Биыл 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім және тәрбие берумен қамту көрсеткішін 92,5%-ға дейін арттыру жоспарланған.