Елімізде республикалық орфография комиссиясы құрылады
Бұл қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізделген нұсқасын әзірлеу үшін қажет
Қазақстанда мемлекеттік тіл орфографиясының ғылыми негізделген нұсқасын әзірлеу мақсатында республикалық орфография комиссиясын құру жоспарланып отыр. Бұл туралы қоғамдық талқыға ұсынылған Үкімет қаулысының жобасынан белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қазіргі таңда қазақ тілінің орфографиясын жүйелеу аса маңызды мәселе. Мемлекеттік тіл орфографиясын ғылыми негізделген нұсқада әзірлеу мен бекіту үшін арнайы орфографиялық комиссия құру қажет. Бұл міндет Үкіметтің №914 қаулысымен бекітілген елімізде тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көзделген, – делінген құжат жобасының түсіндірме жазбасында.
Республикалық орфография комиссиясын құруға Ғылым және жоғары білім министрлігі жауапты. Комиссия құрамына мүдделі мемлекеттік орган өкілдері мен ғалымдар кіреді.