×

Тоқаев Париж олимпиадасына қатысатын спортшылармен кездесті

Парижде барлығы 80 спортшы ел намысын қорғайды

 Халық үні 10.07.2024 | 13:04
Фото: Ақорда

Президент жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасының мүшелеріне мемлекеттік туды тапсырды, деп хабарлады Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрама спортшыларымен кездесуде Парижде басталатын дүбірлі доданы бүкіл әлем асыға күтетінін әрі оған төрткүл дүние түгел көз тігіп отырғанын айтты.

Біз сіздерге зор үміт артамыз. Бүкіл халқымыз – сіздерге жанкүйер. Жалпы, қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашанда биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін. Шын мәнінде, сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ. Көк туымыз желбіресе, ұлтымыздың рухы асқақтайды, – деді Тоқаев.

Президент спортшыларымызға барлық қажетті жағдай жасалып жатқанына тоқталды.

Елді мекендерде арнайы алаңдар салынып жатыр. Өткен жылдың өзінде 70-ке жуық спорт орталығы ашылды. Биыл тағы 200-ге жуық нысан салынады. Баршаңызға мәлім, Ұлттық олимпиада комитетінде өзгерістер болды. Олимпиада ойындарына дайындық штабы құрылды. Тәжірибелі мамандарды шақырдық. Белгілі спортшы Геннадий Головкин келді. Әр салада осындай өз ісінің нағыз шебері болуға тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Біз – спортшыларға айрықша құрмет көрсететін елміз, – деді президент.

Президент мемлекеттік туды бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов, жеңіл атлетикадан Азия ойындарының жеңімпазы Ольга Сафроноваға тапсырды.

Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 25 түрінен 92 лицензия алған. Парижде барлығы 80 спортшы ел намысын қорғайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама