×

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 53 күн қалды

Спорт додасы 8-13 қыркүйек аралығында өтеді

 Айгерім Таубай 17.07.2024 | 12:12
Фото: Halyq Uni

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 53 күн қалды. Дода 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сайысқа қатысуға әлемнің 85 елінен келген спортшылар келеді. Олар асық ату, бәйге, кураш, теңге ілу, көкпар, көкбөру, көреш, ордо, арқан тартыс, аударыспақ, алыш, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлерінен 110 медальді сарапқа салады. Жалпы 21 спорт түрі бойынша бақ сынайды.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарысы. Сайыс Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген.

100-ГЕ ЖУЫҚ ЕЛДЕН СПОРТШЫЛАР КЕЛЕДІ

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, ойындарға 89 елден өтініш түскен.

Қатысушы елдердің санын 100-ге жеткізу көзделіп отыр. Бағдарламадағы 21 спорт түрінің 11-і қазақтың дәстүрлі ойыны болса, қалғаны өзге қатысушы елдерден. Мысалы, қырғыздың ордо, көкбөрі ойындары, африкалық увари деген спорт түрі бар, - деді министрдің орынбасары.

Көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұровтың айтуынша, ойындардың жүлде қоры 253 млн теңгені құрайды.

Әр спорт түрі бойынша жеке және командалық жүлделер тағайындалады. Мәселен, көкпар мен көкбөруден жеңімпаз команда 10 млн теңге, екінші орын алған команда 6 млн теңге, үшінші орын үшін 4 млн теңгеге ие болады. Жеке спорт түрлерінде алтын медаль иегерлері 500 мың теңгеден алады, екінші орын 300 мың теңге көлемінде марапатталады, қола жүлдегер 200 мың теңге алады, - дейді Наиль Нұров.

БИЛЕТТЕР ОНЛАЙН САТЫЛАДЫ

Астанада шетелдік қонақтар үшін 32 қонақүй дайындалып, 320 ат жалға алынып жатыр. Бүкіл делегацияны тасу үшін 130 көлік жалға алынады.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының билеті онлайн платформада сатылады.

Кейінгі ақпарат бойынша, қазірге дейін 500-ден аса билет сатылды. Ашылуы мен көкпар сынды қызықты ойындарды қоса алғанда билеттің құны 500 теңгеден 25 мың теңге аралығында болады.

Жалпы қатысушылар мен туристерді қосқанда, Астанаға бір аптада 100 мыңға жуық шетелдік келеді деп болжанып отыр.

ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕН КОНЦЕРТ БЕРЕДІ

Көшпенділер ойындары қарсаңындағы тағы бір айтулы оқиға – Димаш Құдайбергеннің жеке концерті. Қазақстандық әнші 13 қыркүйекте Астанада жеке концерт өткізеді.

Дүниежүзінің 100 ден астам мемлекетінен түрлі сайыстарға қатысу үшін 4 мыңнан астам спортшылар келеді деп күтіледі. Осы әдемі мереке аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, «ДимашАли» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен «Астана аренада» менің «Stranger» атты жеке концертім өтеді, – деп жазды Димаш Құдайберген әлеуметтік желідегі парақшасында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама