Жамбыл облысында 4 мыңнан аса адамға айыппұл салынды
Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің 40-қа жуық орны анықталды
Жамбыл облысында абаттандыру ережелерін бұзған 4 мыңнан астам азамат жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында полиция қызметкерлері халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырды. Шағын аудандар мен жеке сектор тұрғындарымен тәртіп сақшылары 500-ден астам кездесу өткізіп, 381 мектепте «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» тақырыптарында сынып сағаттары өткізілді.
Полицейлер қоғамдық орындарды ластағаны үшін мыңнан астам азаматты, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзғаны, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын бүлдіргені үшін 4510 адамды жауапқа тартты. Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы көлемі – 10 млн 245 мың 300 теңге.
Айыппұлдар мен әкімшілік жазалар құқықбұзушыларға әсер етудің тиімді шараларының бірі екені сөзсіз. Десек те, өкінішке қарай, жауапқа тарту шаралары мәселені шеше алмайды. Экологиялық тәрбие мен мәдениетті ерте жастан қалыптастыру қажет. Адамдар айыппұлдан қорыққаннан емес, өз қаласын жақсы көргендіктен қоршаған ортаны қоқыспен ластамауы керек. Балалар мен жастар арасында экологиялық білім беру деңгейін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізе отырып, болашақта экологиялық сауатты халыққа айналуымыз қажет, – деді Жамбыл облысының ПД бастығы Арманбек Баймурзин.
Бүгінде облыс аумағында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің 40-қа жуық орны анықталып, оларды жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.