Мектептердің бірінде ішек таяқшасы бактериялары анықталды
Қарағанды облысының Нұра ауданында 19 мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Нұра ауданының прокуратурасы аудандағы білім беру ұйымдарында өткізген тексеру нәтижесінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, өрт қауіпсіздігі және денсаулық сақтау салаларындағы көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, ауданның кейбір мектептерінде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілік заттар табылып, белгіленген стандарттарға сәйкес келмейтін дезинфекциялық ерітінділер анықталды.
Сондай-ақ, мектептердің бірінде ішек таяқшасы бактериялары анықталды.
Аудан прокуратурасының қадағалау актісі негізінде барлық анықталған бұзушылықтар жойылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2 мыңнан астам баланың құқығы қорғалды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Тексеру нәтижелері бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 19 мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке, 17 лауазымды азамат тәртіптік жауапкершілікке тартылды.