×

Абайсызда адам өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі өзгерді

Бұған дейін ол 8 жылға сотталған болатын

 Динара Амантай 09.07.2024 | 13:50
Фото: gov.kz

Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы В.Фанинге қатысты қылмыстық істі оның адвокатының өтініші бойынша қарады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сот үкімімен Фанин абайсызда жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтіріп, оны өлтіргені үшін кінәлі деп танылды. Оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын. Кассациялық алқа істі зерттеп, Фаниннің іс-әрекетінде қажетті қорғану шегінен шығу бар деген қорытындыға келді.

Сотта анықталғандай, жанжалға жәбірленушінің өзі себепкер болған. Жәбірленуші Фанинді қорлап, оны қорқытқан. Фанин қашпақ ниетпен жанжал болған күрке-вагоннан көшеге шыққан. Алайда жәбірленуші оның соңына түскен. Фанин қашпақ болған уақытта оның оң жамбасындағы протез орнынан шығып кетіп, салдарынан ол жерге құлаған. Осы кезде сотталушы өз өміріне қауіптеніп, жерде жатқан бір затпен жәбірленушіні ұрған.

Аталған мән-жайлар сотталған адамның, куәгердің айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамасымен, сарапшының қорытындысымен расталды.

Жоғарғы сот аталған жағдайды ескере отырып, Фаниннің іс-әрекетін ҚК-нің 112-бабының 2-бөлігіне («Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтіру») қайта саралады, – делінген сот хабарламасында.

Оған 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтеу тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама