Жаңатаста су тасқынынан келген шығын есептеліп жатыр

Халық үні

Малоэтажка, Дегерес елдімекендері жарыққа қосылды

Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жаңатас қаласында су тасқынынан келген шығынды есептеу жұмыстары басталды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кетейік, 2024 жылдың 7 шілдесінде Сарысу ауданы аумағында жауын-шашын салдарынан 400-ден астам үйдің ауласын су басты. Оның ішінде су  47 үй мен бір мектептің ішіне кірген.

Ресми ақпарат бойынша, материалдық шығынды есептеу үшін жұмыс тобы құрылды. Қазір төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері су сору жұмыстарын жалғастырып жатыр. 8 шілдедеге дейін 128 аула мен 47 үйдің іші судан тазартылды.

Жаңатас қаласындағы Малоэтажка, Дегерес елдімекендері жарыққа қосылды.

Қала аумағында су деңгейі төмендеген. Мал шығыны жоқ.

Зардап шеккен тұрғындар үшін 105 орынға лайықталған екі қабылдау пункті дайындалды, оған 12 адам орналыстырылды. Қазір олар өз еркімен үйіне қайтарылды, - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

Жаңатас – Саудакент тас жолы ашық.