×

Елордада ат спортынан жарыс өтіп жатыр

Конкур бәсекесі ұйымдастырылды

 Қымбат Елтайқызы 07.07.2024 | 13:39
фото: Астана әкімдігі

Бүгін Астана төрінде ат спортынан дәстүрлі қалалық жарыс басталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Елорда күніне орай Олимпиада бағдарламасына кіретін конкур бәсекесінен бүгін турнир жеңімпаздары анықталады, деп мәлімдеді Астана әкімдігі.

Сарыарқа төріндегі қаламыз жыл өткен сайын құлпырып, әлемдік мегаполистің біріне айналды. Оған еліміздегі әр тұрғынның өзіндік үлесі бар. Елорда күнімен қатар, ұлттық домбыра күні де аталып өтіп жатыр. Домбыраның қандай қасиеті болса, аттың да сондай қасиеті бар. Сондықтан бүгінгі ат сайысына қош келдіңіздер. Аталған додаға Алматы, Астана, Шымкент қалаларымен қатар Алматы, Қарағанды, Ақмола облыстарынан келген 80-ге тарта шабандоз сынға түседі. Ат дегенде ішкен асын жерге қоятын, салт-дәстүрімен біте қайнасқан ұлттық спортымыз дами берсін - деді елорданың Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимов.

Осы жылғы доданың басты ерекшелігі ұлттық құрамаға кіретін спортшылар да жалпы жүлде қоры 12 млн теңгені құрайтын сыйақыға таласады.

«Астана күніне орай ұйымдастырылып жатқан жарысқа екінші рет қатысып жатырмын. Бүгін жасөспірімдер санаты бойынша биіктігі 110 сантиметрді құрайтын кедергілерді бағындыруға тырысамын. Былтыр жүлдеге бір қадам жетпей, 4-орынға тұрақтаған едім. Биыл «Жеңіс» атты тұлпарыммен жеңіс тұғырынан көрінуге бар күшімді саламын», - деп 15 жастағы Нұрлы Медетхан жарыс алдындағы ойын бөлісті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шабандоздар алдағы уақытта Алматы қаласында өтетін Қазақстан чемпионатында және Ташкент пен Бішкектегі Әлем кубогының кезеңдерінде өнер көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама