Түркістандықтар Ninety One жігіттеріне «басын кесіп алатындарын» ескерткен
Шаштары боялған, сырға таққан жігіттерге сахнадан орын бергілері келмейді
Ninety One тобы Zamandas подкасына қатысып, Түркістандағы концерттің неге болмай қалғанын түсіндіріп берді.
Айтуыларынша, олар Түркістанда концерт қойып, облыстық кітапханада жастармен де кездесуді жоспарлаған. Алайда менеджерлері жергілікті жұрттың әкімдіктен олардың келмеуін талап еткендігін, концерттің болмайтынын жеткізіпті.
Бұл наразылықты топ мүшелері өздерінің сыртқы имиджімен байланыстырып отыр.
«Сол баяғы жыр. 2015 жылы басталған әңгімеге қайта оралып отырмыз. Шаштары боялған, сырға таққан жігіттерге сахнадан орын бергілері келмейді. Бұл бірінші рет болған жағдай емес, етіміз үйренді. Біз концертті кез келген жағдайда абыроймен өткізетін едік, бірақ ұйымдастырушылар мұндай жауапкершілікті мойындарына алғысы келмеді. Себебі бұл жерде жай ғана наразылық болған жоқ, шағымданғандар көтеріліске шығатынын, тіпті басымызды кесіп алудан тайынбайтынын жеткізген», - дейді Ninety One жігіттері.