Тәртіп сақшылары Ұлттық домбыра күнін ерекше жолмен атап өтті
Домбыра күні Шығыс Қазақстан облысының сақшылары ұлттық аспапты ұлықтады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Домбыра халқымыз үшін музыкалық аспап қана емес, қазақ даласының рухы мен тарихын бейнелейтін тұтас әлем. Бағзы заманнан бері екі ішектің үні мен күй әуендері салт-дәстүріміздің символы саналады, дейді Ішкі істер министрлігі.
Мереке күні облыстық полиция департаментінің шеру алаңында 20-ға жуық қызметтік автокөлік ұлттық аспап түрінде орналасты. Суретті толықтырған музыканттар әйгілі композитор Құрманғазының күйін орындады.
Қасиетті домбыра әрқашан ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырды. Бұл ғасырлар тарихын бейнелейтін бойтұмарымыз. Оның үні жаңа жетістіктерге дем беріп, Отанымыз - Қазақстанның гүлденуіне үлес қоса берсін, - деп құттықтады ШҚО ПД бастығы генерал-майор Ерлан Омарбеков.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтаған болатын. Сондай-ақ бүгін Астанада мерекелік концерт өтті.