«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Қымбат Елтайқызы

Бұл ұлттық конкурс 2013 жылдан бастап өткізіліп келеді

фото: Астана әкімдігі

Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Жастар сарайында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық турының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Аталған жарыстың қорытындысы бойынша Алматы ауданынан «Үлгілі отбасы» номицациясының иегері – Сатыбаевтар отбасы болса, «Өнегелі отбасы» номинациясымен Широкорадовтар отбасы марапатталып, жеңімпаз Сәмек әулеті болды, деп мәлімдеді елорда әкімдігі.

Байқоңыр ауданы бойынша Красниковтер шаңырағы «Салауатты отбасы» номинациясына ие болса, Көптілеу әулеті «Ұлағатты отбасы» деп танылды. Ал Қуановтар отбасы Байқоңыр ауданы бойынша жеңімпаз деп бағаланды.

Есіл ауданы номинаттарының ішінен «Қайсар отбасы» номинациясына Рақымжановтар шаңырағы лайық деп табылса, Базарбай әулеті «Зерек отбасы» номинациясына ие болды. Жеңімпаз – Свановтар отбасы деп танылды.

Сондай-ақ, Сарыарқа ауданы бойынша ең патриот отбасы – Дауыл отбасы болса, ең парасатты отбасы Нұрбалиндер жанұясы, жеңімпазы – Сембаевтар әулеті болды.

Нұра ауданы бойынша арнайы аталымға ие болған Бибосыновтар отбасы болса, аталған ауданның ең дарынды отбасы номинациясы Ермағанбеттер жанұясына берілсе, бұл аудан бойынша жеңіс Қонақбаевтар отбасына бұйырды.

Ал мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққан Әділбаевтер отбасы Астана қаласы бойынша жеңімпаз деп танылып, «Мерейлі отбасы-2024» ұлттық байқауының республикалық сайысына жолдама алды, – деді әкімдік.

Бұл отбасы ұлттық құндылықтарды басты назарда ұстап, отбасының ең басты құндылықтары ретінде ұлттық спорт, ұлттық киім, ұлттық тағамды көрсеткен. Аталған отбасының балалары да осы бағытта тәрбиеленіп, қоғамға ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүр.

Жалпы бұл ұлттық байқау 2013 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді.