Тасқыннан зардап шеккен өңірлердің талапкерлеріне ҰБТ-да жеңілдік жасалды
Бұған қоса, биыл жалпы грант санының 20%-ы осы аймақ үміткерлеріне бөлінбек
Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің, атап айтсақ Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының талапкерлері үшін маңызды ақпарат жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Егер үміткер негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуден төмен балл жинаса, сол талапкер қаңтар немесе наурыз айларындағы ҰБТ-ның жоғары нәтижелерімен грант конкурсына қатыса алады, деп мәлімдеді Ұлттық тестілеу орталығы.
Осылайша, қалауыңыз бойынша сіз ең үздік Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен грант конкурсына қатыса аласыз, – деп толықтырды ведомство.
2024 жылы жалпы грант санының 20%-ы су тасқынынан зардап шеккен аймақ үміткерлеріне бөлінеді.
Бұл өңірлердің оқуға түсушілері үшін грант конкурсына құжаттар қабылдау 13-24 шілде аралығында жүзеге асырылады.