Астана күні: елордада 100-ге жуық мерекелік шара өтеді
Бүгін, 6 шілде – Астана күні
Мерекеге орай елордада 100-ге жуық түрлі іс-шара өтіп жатыр. Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап концерттік бағдарламалар, фестивальдер, спорттық турнирлер мен басқа да шаралар ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, 5-7 шілде аралығында «Еуразия театры» халықаралық көше театрларының фестивалі өтіп жатыр. Іс-шараға эстониялық, польшалық, ресейлік және қазақстандық театр ұжымдары мен әртістері қатысады.
6 шілдеде сағат 11:00-де халықаралық көше театрлары фестиваліне қатысушылардың шеруі өтеді. Ол қала алаңынан басталып, Орталық саябаққа дейін жалғасады. 7 шілдеде сағат 14:00-ден бастап Орталық саябақта фестиваль қатысушыларының театрландырылған қойылымдары өтеді. Сағат 17:00-де фестиваль аяқталады, – дейді ведомство.
6 шілде күні сағат 20:00-де Амфитеатрда Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония әртістерінің қатысуымен «Астана – арман қала» мерекелік концерті өтеді. Іс-шараға белгілі өнер қайраткерлері мен эстрада жұлдыздары Майра Ілиясова, Қанат және Света Айтбаевтар, Арайлым Рақымқызы, Гүлнұр Оразымбетова, Зарина Омарова, Мұратбек Хайролда, Фарида Жолдасова, Әкімхан Мәженов, Алтыншаш Мұқатаева, DJ Dake мен ALEM заманауи би балеті қатысады.
6 шілде күні сағат 11:00-де және сағат 15:00-де қала шетіндегі тұрғын алаптарда елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған «Астана – жүрегім» концерті өтеді. Мерекелік іс-шарада Мәди Қадыров, Гүлнұр Оразымбетова, Досымжан Таңатаров, Медет және Клара Салықовтар, Бауыржан Исаев пен қазақстандық эстраданың басқа да жұлдыздары өнер көрсетеді.
Тұрғын алаптарда мерекелік концерттер өтетін орындар:
Алматы ауданы:
- 11:00 Sana спорт орталығының алаңы (Қажымұқан көшесі, 5);
- 15:00 Промышленный тұрғын алабы;
Байқоңыр ауданы:
- 11:00 Өндіріс тұрғын алабы;
- 15:00 Кирпичный тұрғын алабы;
- 11:00 Өндіріс тұрғын алабы;
- 11:00 Қазқалашық тұрғын алабы;
Есіл ауданы:
- 11:00 Пригородный тұрғын алабы;
- 15:00 Бәйтерек монументі;
Нұра ауданы:
- 11:00-де Үркер тұрғын алабы;
- 15:00-де Мереке саябағы.
Сарыарқа ауданы:
- 11:00 Қорғалжын алаңы;
- 15:00-де Көктал саябағы;
- 11:00-де Агроқалашық тұрғын алабы.
6, 7 және 8 шілдеде сағат 12:00-ден бастап қала қонақтары мен тұрғындары үшін Орталық саябақта Mereke street жазғы жобасы жұмыс істейді. Бұл – шеберлік сыныптары мен ашық аспан астындағы кинотеатры бар барлық жастағы азаматтарға арналған Отбасылық демалыс фестивалі.
6 шілдеде сағат 18:00-де ЭКСПО алаңында OPEN AIR ашық аспан астындағы мерекелік концерт өтеді. Іс-шарада отандық эстрада жұлдыздары Ninety one, Orda, Raim, Sadraddin, Kalifarniya, Nazima, Alpha, T'OI, Imzi, Құрмаш Махан, Jazzdauren мен басқа да әртістер өнер көрсетеді.
Концерт аяқталғаннан кейін шамамен сағат 22:15-те ASPAN дрон-шоуы жоспарланып отыр. Дрондар шоуы үшін аспанға радиомен басқарылатын 1250 аппарат іске қосылады, оның ішінде 70 аппарат – пиротехникалық дрон. Бұл – дрон симбиозы мен пиротехниканың жаңа технологиясы. Шоулар қазақстандық және шетелдік композиторлардың әуенімен үндестіріледі. Шоу демеушілік қаражат есебінен ұйымдастырылады.
7 шілдеде ЭКСПО алаңында домбыра күніне арналған мерекелік шоу-концерт өтеді. Кеш қонақтары: «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, Made in KZ тобы, Ибрагим Ескендір, «Алтын Домбыра» балалар шығармашылық орталығы, Assyl тобы, Qalifarniya, Qanay, Ақтоты Болшова мен басқа да әртістер, – дейді әкімдік.
Елорда күніне ауқымды спорттық-бұқаралық іс-шаралар жоспарланған. Арасында ең ірілері: 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған «Толағай алыптар сайысы» республикалық іріктеу турнирі, ат жарысы (конкур), «Елорда Кубогы» республикалық бәйге турнирі, «Ел жүрегі – Астана!», әуесқойлар арасындағы теннис чемпионаты.
Ірі іс-шаралармен қатар Байқоңыр ауданының тұрғындары арасында волейболдан турнир, «Астана сақасы» асық атудан ашық турнир (ерлер, әйелдер), мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында «Шоудаун» үстел теннисінен чемпионат, Сарыарқа ауданының тұрғындары арасында ұлттық ойын түрлері бойынша жарыстар өтеді.