ҰБТ-ны 200-ден аса талапкер ағылшын тілінде тапсырған
Тестілеудің аралық қорытындысы жарияланды
200-ден аса талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуді ағылшын тілінде тапсырған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, негізгі ҰБТ басталғалы бері 315 мың рет тест тапсырылған. Оның ішінде талапкерлердің 77%-ы қазақ тілінде, 23%-ы орыс тілінде, 200-ден астам адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
ҰБТ басталғалы шекті балды 78% талапкер жинады. Орташа балл – 70. Ең жоғары балл – 140. Оны ҰБТ-ны өткізудің алтыншы аптасында Алматы облысының түлегі Жаннұр Еңсебек жинады. 139 балды 2 тестіленуші: Шығыс Қазақстан облысының түлегі Аяужан Мұратова мен Қызылорда облысының түлегі Нұрболат Жұбатқан жинады. Атап өтсек, аталған үш талапкер – ауыл мектептерінің түлегі. 6 бала 138 балл, 20 бала 137 балл жинаған.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға жеті аптаның ішінде 639 талапкер қатысты.
Бүгінде 596 ережебұзушылық анықталды. Оның ішінде 375 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 179 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң, ереже бұзған 42 адамның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.
Айта кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.