Іс-шараны Ұлттық спорт қауымдастығы министрліктермен бірлесіп ұйымдастырады
Елімізде тұңғыш рет ұлттық универсиада өткізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Бақытжан Тұрлыбеков айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазір Туризм және спорт министрлігімен бірігіп, бірнеше жобаны қолға алып жатырмыз. Оның бірі – Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесе жүзеге асырылатын – ұлттық универсиада, деді Бақытжан Тұрлыбеков V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын шетелдік қонақтарға таныстыру рәсімінде.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде ұлттық спортпен кәсіби тұрғыда айналысатындардың саны 350 мыңнан асқан. Сонымен қатар ұлттық спорттың жанкүйерлері мен көрермендер саны артқан.
Сондай-ақ шетелдіктер арасында да этникалық спортқа қызығушылық артып келеді. Мысалы, биыл V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушы елдердің саны рекордқа жетпек.
Халықаралық спорт додасына бірқатар елдің журналистері де баруды жоспарлап отыр: іс-шараға Германия, Үндістан, Испания, Италия, Оңтүстік Корея, Ливан, Малайзия, Норвегия, Сербия және Чехия елдерінің БАҚ өкілдері қызығушылық танытқан.
Бұған дейін халықаралық додада билеттің бағасы қанша болатыны хабарланған еді.