«Стоп-алаяқ» профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр
Алматы облысында полиция мен имамдар алаяқтарға қарсы бірлесіп күресетін болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Стоп-алаяқ» ЖПІШ аясында облыстық полиция қызметкерлері халық арасында интернет-алаяқтықтың ауқымды профилактикасына бағытталған кезекті акцияны өткізіп жатыр. Тәртіп сақшылары ақпараттық буклеттер мен кітапшаларды тарату түріндегі дәстүрлі әдістермен шектелмей, дін саласының қызметкерін де тарта бастады.
Интернет-алаяқтардың айла-амалдарына көбінесе аға буын өкілдері түсетіні бәріне мәлім. Сондықтан біз діни қызметкерлерді тартуды шештік. Бұл жалпы азаматтар арасында ғана емес, қарттар арасында да ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді Алматы облысы ПД КПБ бастығының орынбасары Нұржан Кенесханұлы.
Тәртіп сақшылары имамдар мен діни қызметкерлерге қарт адамдарға ерекше назар аудара отырып, интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері туралы азаматтарды ақпараттандыруға көмек көрсетуін сұрады.
Алаяқтықты анықтау – көп еңбекті қажет ететін жұмыс, өйткені қылмыскерлер күн сайын алдаудың барлық жаңа тәсілдерін ойлап тауып, жасаған заңсыз әрекеттерінің іздерін жасырады. Осыған байланысты алаяқтықпен күресудің ең тиімді жолы – оның алдын алу және халыққа ескерту, – деп толықтырды Нұржан Кенесханұлы.