6 шілде – Астана күні: маңызды шешім мен тарихи оқиғаларға шолу

Айгерім Таубай

Қазақстандықтар елорданың 26 жылдығын тойлайды 

Фото: Владислав Воднев

6 шілде – Астана күні. Биыл Астананың Қазақстанның бас қаласы ретінде халықаралық аренада таныстырылғанына 26 жыл болды. Halyq Uni елорданың ауысуы, тарихи оқиғалар мен маңызды шешімдерге шолу жасады.

АСТАНАНЫ АУЫСТЫРУ ТУРАЛЫ ШЕШІМ

Астананың тарихы Алматы және Ақмоламен тікелей байланысты. 1997 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев, премьер-министрі Нұрлан Балғымбаев, Сенат төрағасы Өмірбек Байгелді халыққа үндеу жасады – Ақмоланы мемлекетіміздің астанасы деп жариялады.

Президент жаңа астанадағы алғашқы үндеуінде «Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын осы жерде айқындайтын болады» деп айтты.

Бұдан былай және ғасырдан ғасырға, осында ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өміршең маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Бұл жерде енді Отанымыздың жүрегі соғуда. (...) Ақмола – Еуразия құрлығының географиялық кіндіктерінің бірі. Біздің таңдауымыз уақыт өте келе бұл қаланың осынау ұлан-ғайып алып құрлықтың қуатты коммуникациялық орталықтарының біріне айналатындығымен де айқындалады, - деді Назарбаев.

Астана атауымен қатар аталатын тарихи дата – 1998 жылдың 6 мамыры. Дәл осы күні Ақмола атауы Астана деп өзгертілді. Жаңа қала – жаңа астананың тарихы да осы сәттен басталды.

Осы жылдың 10 маусымында Астана халықаралық аренада Қазақстанның бас қаласы деп таныстырылды. Ол кезде қаланың жалпы аумағы 25,8 шаршы шақырымды құрады. Екі жылдың ішінде 3 мыңнан аса пәтер салынып, әкімшілік ғимараттар жөнделді. Осы сәтте жұмыстың басым бөлігі сәулетшілерге артылды. Себебі астана ауысқан соң ол жерге қоныстанатындар саны артатыны белгілі. Соның бәрін дәл болжап, азаматтарға ыңғайлы жағдай жасау қарқынды жұмысты талап етті. Сондай-ақ қаланың Бас жоспарын жасау міндеті тұрды. Ол туралы сәулетші Серік Рустамбеков айтып берді.

АСТАНАДАҒЫ ҒИМАРАТ ПЕН ЕСКЕРТКІШТЕР «ҚҰПИЯСЫ»

Астанадағы ғимараттарда тек шетелдік мамандардың ғана емес, қазақстандық сәулетшілердің қолтаңбасы бар. Қалада ең алдымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал ашылған. Оның авторы –сәулетші Әлиасқар Кенжетаев.

Жаңа астанада көрсететін ештеңе болмады. 1997 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалына конкурс өтті. Сәуірден бастап қарашаға дейін жобалау, құрылыс жұмыстарын аяқтадық. Үлгердік. Қарашада ауқымды іс-шара өтті. Президент шетелден келген делегацияны күтіп, барлығы мемориалдың ашылуына барды. Қаладағы алғашқы жаңа нысан сол болған. Соның жанына қазақ мәдениет, тарихымызды көруге болатындай этно-мемориалдық парк ашу идеясы болды. Ол уақытта қаланың Бас жоспары болмады. Жан-жақта құрылыс асығыс жүріп жатты. Соған байланысты сол жоспар іске аспады. Ішінде тек Қазақстанның картасы қалды. Ол жерде еліміздің байлығын, табиғатын көрсеттік. Кешен 2000 жылы ашылды, - дейді «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінің авторы архитектор Әлиасқар Кенжетаев.

(Қазақстандық сәулетшілердің Астана және басқа да өңірлердегі жұмыстары)

Қаланың символына айналған «Бәйтерек» монументінің де өз «құпиясы» бар. Сәулет өнерінің авторы – архитектор Ақмырза Рустамбеков.

«...Кисе Курокава «Бәйтерек» орналасқан жердің макетін президентке баяндады. Ол жерде мен де болдым. Көпқабатты ғимараттар салынып, біресе биік, біресе аласа болып, әннің ырғағындай салынатынын түсіндірді. Макетте бір таяқша тұр екен. Курокава «осы жерде бір монумент» болуы керек. Биіктігі астананың көшкен жылының символы ретінде 97 метр болуы қажет» деді....Ол кезде арнайы кеңес құрылып, үлкен ғимараттар талқыланатын. Монумент үлгісіне конкурс жарияланып, жан-жақтан ұсыныстар келді. Олардың ешқайсысы Назарбаевтың ойынан шықпады. Назарбаев өзі эскиз жасағандай болды. Биік ағаш, жапырақтар салды да, «осылай» деді. Конкурсқа Ақмырза да тобымен бірге қатысқан. Назарбаев салған фото негізінде макет жасап ұсынды», - дейді «Бәйтерек» монументінің авторының ағасы – сәулетші Серік Рустамбеков.

Қаладағы бірқатар нысан мен ғимарат қала күні немесе мереке қарсаңында ашылғаны белгілі. Солардың бірі – «Қазақ елі» монументі. 2007 жылы Астананың ауысқанына 10 жыл толуына орай ашылған монументтің авторы – сәулетші Саматбек Бөкебай.

(Архитектор Саматбек Бөкебай Halyq Uni тілшісіне жасаған жұмыстары мен жоспардағы жобаларын таныстырды)

«Монумент жобасына республикалық деңгейде конкурс жүргізілді. Оған 60-70 жоба түскен. Нұрсұлтан Назарбаев бәрін көріп шығып, ешқайсысын ұнатпаған. Конкурстың екінші кезеңін өткізген. Содан кейін қала әкімі Асқар Маминге тапсырма беріп, жылдамдатуды тапсырған. Ұнайтын жоба болса, орнатылатынын айтқан. Екі аптада жобасын жасадық. Екі сағаттан кейін Асқар Мамин келіп, «құттықтаймын, президентке ұнады» деді. Бастапқыда «Тәуелсіздік» монументі болған, қаржы бөлініп, салынып біткен кезде 6 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Назарбаева келіп ашты. Сол жерге келген кезде «Астана жұлдызы» деген монумент болсын деді», - дейді Саматбек Бөкебай монументтің тарихын еске алып.

Қаладағы кейінгі жылдарда ашылған нысанның айтулысы – Астанада қаласының Бас мешіті. 2022 жылдың тамызында ашылған мешіт елорданың сол жағалауында бой көтерді. Қабанбай батыр және Мәңгілік ел даңғылы аралығындағы 9,5 гектар жерді алып жатыр.

Астананың бас мешіті – Қазақстандағы және Орталық Азиядағы сыйымдылығы бойынша ең үлкен мешіттердің бірі. Құрылысы үш жылға жуық уақытқа созылған мешіттің жалпы алаңы – 68, 062 шаршы метр. Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, мұнара биіктігі – 130 метр. Қаланың бас мешітінде бір уақытта 235 мың адам намаз оқи алады. Мешіт іші 35 мың адамға лайықталған.