Елордада түрікмен халқының ұлы ақыны Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылды
Алдағы уақытта Ашхабадта хакім Абайға арналған ескерткіш орнатылмақ
Бүгін Астанада бауырлас түрікмен халқының ұлы ақыны, биыл туғанына 300 жыл толып отырған ойшыл Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Салтанатты іс-шараға Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен бірге арнайы қатыстық, деп мәлімдеді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Жалпы, қазіргі таңда Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Бұл Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Сердар Гурбангулыевич Бердымұхаммедовтің өзара құрметке негізделген қарым-қатынасының нәтижесі екені анық. Екі ел арасындағы мәдени байланыстардың да маңызы зор. Бұл ретте бүгінгі іс-шара айрықша мәнге ие. Алдағы уақытта Ашхабадта хакім Абайға арналған ескерткіш орнатылады. Мұндай қадамдар халықтарымыздың рухани сабақтастығы мен достық байланысын нығайта түсері сөзсіз, – деп жазды Әшімбаев әлеуметтік желідегі парағында.
«Мақтымқұлының поэзиясы – ақыл мен парасаттың қазынасы. Ақынның мұрасы – тамыры бір біздің халықтарымыз үшін ортақ құндылықтар. Осы орайда Абай мен Мақтымқұлының өсиеттері үндес екенін ерекше атап өткен жөн. Сондықтан түркі әлемінің мақтанышы болған тұлғаның өнегесін дәріптеу – қазақ халқы үшін де абыройлы міндет. Осы тұрғыдан алғанда, бұл ескерткішті қазақтың түрікмен әдебиетіне, түрікмен тарихына, түрікмен халқына деген шынайы құрметінің белгісі деп қабылдауға толық негіз бар. Алдағы уақытта аталған игілікті іс екі елдің ынтымақтастығын одан әрі арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деп толықтырды Сенат спикері.