Halyq Uni логотип
×

Атыраулық жүргізуші 3 млн теңгеге жуық айыппұлы бар көлік сатып алған

Ол автокөлікті Грузиядан алып келген 

 Динара Амантай 07.06.2022 | 10:18
Атыраулық жүргізуші 3 млн теңгеге жуық айыппұлы бар көлік сатып алған
Фото: видеодан скриншот

Атырау қаласының полиция қызметкерлері 3 млн теңгеге жуық төленбеген 106 айыппұлы бар Грузия елінде тіркелген көлікті анықтады.

6 маусым күні сағат 12:00-де Атырау қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығының қызметкерлері Грузия елінде тіркелген Toyota Highlander автокөлігінің төленбеген айыппұлы бар екенін анықтап, патрульдік полиция қызметкерлеріне анықтама берген.

Қала көшелерінің бірінен Toyota Highlander автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі тоқтатылып, аталған автокөліктің 2 млн 937 мың 417 теңге төленбеген 106 айыппұлы бар екені анықталды. Сондай-ақ, аталған автокөліктің сақтандыру жүйесінде де ақпараттары жоқ екендігі белгілі болды. Автокөлік иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 230-бабы 2-бөлігімен хаттама жасақталып, көлігі арнаулы тұраққа қойылды, – деп мәлімдеді ПД-ның баспасөз қызметі.

Көлік жүргізушісі аталған көлікті 2-3 күн бұрын сатып алғанын және 106 айыппұлы барын білмейтінін жеткізді.

Полиция қызметкерлері тұрғындардан көлік сатып алу кезінде автокөлікті тексеру қажеттілігін және құжаттардың дұрыстығын қадағалауды ескертеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама