×

Елімізде балаларға арналған фэнтези фильм түсіріле бастады

«Құт» кинотуындысы кішкентай көрермендерге жол тартпақ

 Қымбат Елтайқызы 04.07.2024 | 12:47
фото: Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы

Алматыда балаларға арналған фэнтези жанрындағы «Құт» фильмінің түсірілімі жүріп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Қазақстанның кино нарығында балаларға арналған шетелдік туындылар басым, сол себептен болар бүгінде жас көрермендерді баурап алатын отандық фильмдер тапшы. Әсіресе, фэнтези жанрындағы фильмдердің жоқтығы ерекше сезіледі. Бұл тапшылық саланың дамымағанының көрінісі ғана емес, сонымен бірге ұлттық бірегейлік пен мәдени мұраны ілгерілету мүмкіндігінен айырылуымыз. Қазақстандық балаларға арналған жаңа фантастикалық «Құт» фильмі үлкен экранға дәстүрлі фольклор мен заманауи әңгімелердің қайталанбас үйлесімін әкелу арқылы осы бір алшақтықты жоюға тырысады. Қайталанбас оқиғасы және ерекше кейіпкерлері бар бұл фильм нарықтағы жас көрермендердің жаңа буынын Қазақстанның бай мәдени мұрасын тануға шақырады», – дейді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КеАҚ қолдауымен «Қадам» кинокомпаниясы «Құт» балаларға арналған фэнтези жанрындағы фильмнің түсірілімін бастады. Жоба режиссері және сценарий авторы - Айхан Чатаева, қоюшы-оператор - Борис Трошев.  

Шыны керек, балаларға арналған фильмдердің өте сирек кездісіп бара жатқаны мені ойландырды. Өзіміздің бұрыннан келе жатқан аңыздарымызды, ертегілерімізді, баяғы заманда болған оқиғаларды балаларға фильм арқылы жеткізіп, түсініктерін неге тереңдетпеске? Менің ойымша, бұл бағытта фэнтези жанры керемет жанр. Ең бастысы туындымыз арқылы жас буынды саналы тәрбиелей отырып, патриотизмге баулу, – деді «Құт» фильмінің режиссері және сценарий авторы Айхан Чатаева.

Түсірілімнің негізгі бөлігі Алматы облысында өтеді. Атап айтсақ, Ақшы, Күрті және Бекболат Әшекеев ауылдарында. 20 мамыр басталған түсірілім жұмыстары 8 шілдеде аяқталады. Фильмдегі басты рөлдерге Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, Айша Мақсотова, Заңғар Тұрсынқазы, Қонысбек Бегайдаров, Әлия Бөпежанова, Бақдәулет Ақылбекұлы түсті.

«Кино нарықтағы кішкентай көрермендердің қажеттіліктерін ескеру – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Өйткені бұл – біз бен сіздің болашағымыз. Балалар киносына тек ойын-сауық контенті ретінде қарамаған жөн. Кино - бұл мүмкіндік, яғни кино арқылы біз өскелең ұрпаққа елге деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім, жанашырлық таныту, туған туыс пен жақынды қолдау сынды ізгі құндылықтарды жеткізу мүмкіндігіне ие боламыз. Сондықтан да болар біз «Құт» фильмі арқылы жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық тәрбиені насихаттауға ден қойдық. Түсірілім тобымен бірге атқарылған жұмыстың арқасында, көрерменге мейірім мен шытырман оқиғаға толы туынды ұсынамыз деген сенімдеміз», – деді «Құт» фильмінің продюсері Мадина Дүйсембаева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама