Көші-қон қызметі іздестіру шараларын жүргізіп жатыр
Абай облысында алимент төлемеген 215 ата-ана анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Борышкерлер мен алимент төлемейтіндерді іздестіру – көші-қон қызметінің бағыттарының бірі. Осы жылдың басынан бастап облыс полицейлері қабылдап жатқан шаралардың нәтижесінде іздеуде жүрген алимент төлеуден жалтарған 245 адамның 215-і анықталды, – дейді облыс ПД көші-қон қызметі бастығының орынбасары Бауыржан Иманғажанов.
Осылайша, полицейлер ажырасқаннан кейін кәмелетке толмаған үш баланы қаржылай қамсыздандыруды тоқтатқан 43 жастағы борышкердің орналасқан жерін анықтады.
Жүргізілген талдау көрсеткендей, алиментті тек ер адамдар ғана емес, сонымен бірге балаларының тағдырына қызығушылық танытпайтын аналар да төлемейді. Мысалы, екі баласына қарыз болған 35 жастағы алимент төлемеген ана көрші облыста ұсталды.
Абай облысы полиция департаменті атқарушылық құжатты орындамағаны үшін заңмен әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.