Қазақстан мен Қытай білім саласында бірлескен жобаларды іске асырмақ
Техникалық және кәсіптік білім беруде өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ҚХР білім министрі Хуай Цзиньпэнмен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Екі тарап техникалық және кәсіптік білім беру саласында Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын нығайту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, кездесуде қос дипломдық білім беру мен бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, екі елдің студенттері мен оқытушыларының тағылымдамадан өтуі, колледждерді инновациялық дамыту бойынша бірқатар жобаларды іске асыру туралы айтылды.
Қазақстан үкіметі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті маман дайындауға аса көңіл бөліп жатыр. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында қазақстандық студенттердің 65%-ға жуығы тегін білім алады. Кәсіпорындардың тапсырысы бойынша жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кадрларды мақсатты әзірлеу, сондай-ақ еліміздің әрбір макроөңірінің тапсырысы бойынша колледждерді бейіндеу жүргізіліп жатыр. Қазақстандық колледждер халықаралық аккредитациялаудан өтіп жатыр. Біз бұл бағыттағы жұмысты әлі де күшейтуді көздеп отырмыз, — деді Ғани Бейсембаев.
Еске сала кетсек, елімізде 772 колледжде 540 мыңнан астам студент білім алады. Соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік тапсырыс көлемі екі есеге жуық артты, оның ішінде 70 пайызы техникалық мамандықтарға бағытталды. 518 кәсіпорын 410 колледжді өзінің қамқорлығына алып, кеңес құрамында колледжерді басқаруға қатысып келеді. Сонымен қатар жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру, әлемдік үздік кәсіби стандарттар мен тәжірибелерді енгізу мақсатында елімізде жыл сайын WorldSkills чемпионаты өткізіліп жатыр. Өткен жылы өз тарихында тұңғыш рет біздің студенттеріміз EuroSkills халықаралық додасында тамаша көрсеткішке қол жеткізді.